«Кез келген адамға елдің саяси өміріне тікелей араласуына мүмкіндік бар», - Е. Қошанов

«Биылғы Жолдаудың салмағы да, ауқымы да бөлек болды». Мәжіліс Төрағасы осылай деді. Ерлан Қошанов Президент көтерген бірнеше бастамаға тоқталып, жүктеген міндеттерді іске асыру үшін әр депутаттың, әр фракцияның табанды еңбегі мен қажырлы қызметі қажет екенін айтты. Жаппай цифрландыру, жасанды интеллект, Alatau City қаласы, сауда-саттық тақырыбына жеке-жеке тоқталды. Банктер және банктік қызмет туралы заң жобасын жұмысқа алғанын да айтып өтті. Спикер «ендігі міндет - Үкіметпен, азаматтық қоғаммен бірге тығыз әрекет ете отырып, Жолдаудағы барлық бастаманы жедел түрде заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету» дейді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кешегі Жолдауында Президент келешектегі бір палаталы Парламентті партиялық тізіммен жасақтауды ұсынды. Бұл партиялардың рөлін де, беделін де арттыра түседі. Биліктің мызғымас институты ретінде қалыптастырады.  Белсенді азаматтар өз ұстанымы мен көзқарасына сай келетін партияға мүше болу арқылы Парламентке келіп, елдің тағдырына араласа алады. Мұндай жүйе әлемдік тәжірибеде кеңінен тараған. Сондықтан барлық фракцияны, депутаттарды осы жүйелі әрі прогрессивті реформаны қолдауға шақырамын.