Шығыс Қазақстанда қария орманда адасып кеткен

Фото: Polisia.kz

9 қыркүйекке қараған түні Ұлан ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне 1953 жылғы әйелдің хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы ақпарат түскен, деп хабарлайды Astana TV.

Әйел адам саңырауқұлақ теріп жүріп, Ұлан ауданы Белая гора ауылының шетінде адасып кеткен екен.

Дереу оқиға орнына жедел тергеу тобы, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары Қабдуалиев Тимур мен Рамазанов Олжас жіберілді.

Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен орман шаруашылығының жұмысшылары да қосылды. Іздеу шараларының тиімділігін арттыру үшін топтарға бөлініп, арнайы құрал — жылуіздегіш қолданылды. Бұл жоғалған азаматшаны тезірек табуға мүмкіндік берді.

Үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде саңырауқұлақ теруші Белая гора ауылының шетіне жақын орналасқан Көк-Терек аумағынан табылды. Әйел адамның жоғалған жері анықталған соң, ол аман-есен үйіне жеткізілді. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.