Бірпалаталы парламент: шешім қабылдаудағы жеделдік пен теңдік. Бұл тәжірибе әлемнің 60 пайызынан астам елінде бар. Әсіресе, унитарлы мемлекеттер осы үлгіні таңдаған. Сарапшылардың айтуынша, бір палаталы парламенттің басты артықшылығы - шешім қабылдау процесі жеделдейді. Себебі құжаттар қос палатада бірнеше рет қаралмайды. Бұдан бөлек, депутаттар заң шығару ісінде тең құқылы болады. Сондай-ақ барлық депутатты халық тікелей сайлайды. Бұл қадам парламент институтының ашықтығын арттырып, халық сенімін күшейтпек.
ЕЛНАР БЕРІКБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бір палаталы парламент - Қазақстандағы саяси жүйені демократияландырудың келесі кезеңі. Халыққа да түсінікті, қарапайым үлгі. Еліміздегі саяси жүйені демократияға қарай тағы бір қадам жақындатады. Бұл өзгеріс билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, шешім қабылдау тиімділігін арттырады.