Трамптың сенімді серігі – Чарли Кирк қастандықпен өлтірілді

Трамптың жақтасы, партияласы Чарли Керкті көпшілік алдында атып өлтірді. Студенттердің алдында отырған жерінде мойнына оқ тиген. Ашуға булыққан Трамп өзінің саяси қарсыластарын айыптап отыр. Ал, Польша аумағына Ресейлік дрондар кіріп кетті. Бір түн ішінде НАТО бойынша одақтастарымен төрт аппаратты атып түсірді. Францияда жүз мың адам билікке қарсы наразылық акцияларына шықты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамптың жақтасы оққа ұшты. Жай оқ емес, снайперлік мылтықпен тура мойнына тиді. Чарли Керк Трамптың сенімді серіктерінің бірі болған. Украинаға көмекті тоқтату керек, Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту керек деп ұрандатып жүрген қоғам белсендісі Юта штатының университет студенттерімен кездесуде отырған еді. Трамп, солшыл-радикал, демократтар кінәлі деп, күдікті табылған кезде өлім жазасына кесу керектігін айтты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бүгін қайғыдан қан жұтып отырмын. Америка үшін өте қаралы хабар. Қорқақ қылмыскерлер бірегей азаматымызды астыртын өлтірді. Ол ашық, жайдары адам еді. Әсіресе, жастармен пікір алмасуды жақсы көретін. Демократтар оны ұлтшылдармен, қылмыскерлермен салыстыратын. Бұл нағыз әділетсіздік. Бүгінде, солшылдардың өзі террористтерге айналып келе жатыр. Біз олардың жолына бөгет болуымыз керек.

Ресейлік дрондар Украина асып, Польша аумағынан бір-ақ шықты. Осыған байланысты НАТО ұйымының 4-і бабы іске қосылды. Сол түні Нидерланды көмекке келіп, ұшақтармен 4 дронды атып түсірді. Алайда, 10 аппарат өздігінен жерге құлаған. Қазір, олардың басып көпшілігі табылды.

ДОНАЛЬД ТУСК, ПОЛЬША ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз жаңа заманда болмаған арандатушылыққа куә болып отырмыз. Ондаған ресейлік дрон әуе кеңістігімізге баса-көктеп кірді. Қауіптілерін атып түсірдік. Қазір біз НАТО бойынша әріптестерімізбен тығыз байланыста хабар алмасып отырмыз.

Францияда кезекті рет билікке қарсы наразылық акциялары басталды. Өткен аптада Үкімет толық құрамда отставкаға кеткеніне қарамастан, бірнеше ірі қалаларда жүз мыңға жуық адам жаппай тәртіпсіздікке бой алдырды. Олар Президент Эммануэль Макрон да қызметінен кетсін деп талап етуде.