Ауыл азайып барады. Былтыр 78 елдімекен қаңырап қалды. Мұны есептемегенде, адам саны 50-ге де жетпейтін шалғай көп. Бұлай жалғаса берсе алтын бесік деп көрсететін жерлер түбімен жойылады дейді сарапшылар. Жұрттың бәрі жапатармағай Астанаға көшуде. Бірақ бас қала бәрін бірдей құшағына баса ала ма? Мәселені Президент те биылғы Жолдауында көтерді. Түйткілдің шешімі қандай? Өзекті тақырыпты әріптесім Аружан Задабек тарқатады.
Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз!
Астана... Сәулетті, сәнді, салтанатты. Бірақ созылмалы емес. Күн сайын келіп жатқан көш, жыл сайынғы өсіп жатқан халық. Соған сай тұрғын үйлер де салынып жатыр. Бірақ бәрібір сымай жүрген жұрт көп. Мұны Президент биылғы Жолдауында да айтты.
Қараңыз, бұл – резеңке. Былай тартсаң да, былай тартсаң да созылады. Бірақ шегі бар. Шектен шықса – тарс етеді. Біздің бас қалада осы күйге жетіп қалды. Көлік кептелісі, мектеп жетіспеушілігі, пәтер бағасы, тағысын тағы. Екеуіндегі айырмашылық мынады. Резеңке жарылса лақтырып жіберуге болады. Ал Астана – елдің астанасы.
БЛИЦ:
- Өздері көшіп алды. Ендігі ұрпақ қалай болады? Олар Астанаға көшіп бармай ма?
- Басқа қалаларды, ауылдарды жұмыс орнымен, баспанамен қамтамасыз етсе ешкім Астанаға қаңғып келмейді.
Қазақ "Тар жерде табыс жоқ» дейді. Ал біз табысты болайық деп,тар жерді тамашалап келеміз. Көлік кептелісі — сағаттап тұратын «тегін тренажёр». Пәтер бағасы —«кім жылдам, кім бай, кім шыдамды» деген жарыс. Ал балабақша мен мектепке ертерек тіркелмесең, кезек күтіп, балалық шағың өте шығады.
Иә, қандай болса да Астана — Қазақстанның жүрегі. Бірақ жүрек жалғыз өзі өмір сүрмейді.Оған қанды айдайтын басқа органдар керек. Демек, өзге өңірлерді дамыту маңызды. Әзірге бұл іс ақсап тұр дейді тұрғындар.
БЛИЦ:
- Астанадан басқа жерде жұмыс жоқтың қасы. Болса да айлығы тым аз. Сол үшін елдің бәрі Астанаға келіп жұмыс істемегенде не істейді?
- Басқа қалаларда жұмыс күшін ашу керек. Сонда тұрғылықты жерінен ешкім кетпейді.
Ауылда адам азайып барады. Қазір елде халық саны 50-ге де жетпейтін аумақтар бар. 546 елдімекен. Әрқайсысында, шамамен, тек 26 тұрғын бар. 2023 жылы Қазақстанда 6286 ауыл болды. Былтыр оның саны 6208-ге қысқарған. Демек, 78 елдімекен жойылды деген сөз. Ал соңғы 10 жылда 500 қыстақ бос қалды. Тұрғындар мұны жұмыстың жоқтығы, ақшаның аздығымен байланыстырады.
Ауыл мен қала — бір қаламсаптың екі ұшы іспеттес. Ауыл — мына құралдың ұшы.
Қарапайым, нәзік, бірақ ең маңызды бөлігі. Ол болмаса, қаламсап қағазға ізін қалдыра алмайды. Қала — денесі мен басы. Мықты, көлемді, әрі сәнді. Ол — қолдың бағытын анықтап, ойды нық ұстайды. Бір сөзбен айтқанда, бірі — бастауы, бірі — жалғасы. Ауыл — өмірдің тамыры болса, қала — оның салтанатты көрінісі. Бір-бірінсіз ісі оңбайды. Бірге болғанда ғана өз міндетін мінсіз орындайды.
Құрметті көрермен, бүгінге осы! Келесі кездескенше!
БЛИЦ:
- Ауылда тіршілік қалмаса қаладан түк пайда болмайды. Дән-дақыл, нан, ет ауылдан.
- Ауылда тірлік жоқ. Мал ұстасаң сасыды деп шағымданады.
- Ауылда жұмыс жоқ деген өтірік сылтау. Неге Қызылорда облысында ауылдар босап кетпей жатыр?!