Қазақстанда Әйел-судьялар қауымдастығын құру ұсынылды. Мұндай қауымдастық Орталық Азия елдері арасында Қырғызстанда ғана бар екен. Бұл бастама Астанада өткен "Сот төрелігі саласындағы әйелдердің Орталық Азия диалогында" көтерілді. Шараға Конституциялық және Жоғарғы соттардың судьялары мен шет мемлекеттерден келген сарапшылар қатысты. Одан бөлек, Венециандық комиссия және Халықаралық Сот әкімшілігі қауымдастығының Президенті арнайы келді. Сот жүйесіндегі әйелдердің кәсіби дамуы мен көшбасшылығына, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай ақ халықаралық тәжірибемен алмасуға байланысты мәселелер қаралды. Бүгінде Қазақстанның сот корпусында қызмет ететін әйелдердің үлесі- 54 процент.
ЭЛЬВИРА АЗИМОВА, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қауымдастыққа сот саласындағы әйелдерді ғана емес, адам құқығын қорғаумен айналысатын барша әйелдерді біріктіреміз. Оның ішінде адвокаттар, заң кеңесшілері, юриспруденция ғалымдары бар. Цифрландырумен айналысатын мамандарды да тартамыз. Біз - қоғамның сотқа деген сенімі нығайса екен дейміз. Және әрбір әйел әділдік пен қауіпсіздікті дамытуға үлес қосатынына сенеміз.