Жантүршігерлік жол апатынан 10 адам көз жұмды

Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол апаты болды.   10 адам қаза тапты. Қайғылы жағдай Қарақия ауданы Сенек елдімекенінен 90 шақырым қашықтықта болған. Жолаушылардың барлығы – Қазақстан азаматы. Олар әр өңірден шығып, Бекет Ата мешітіне зиярат етуге бара жатқан. Толығырақ Аружан Задабек тарқатады.

10 адамның өмірін жалмаған трагедия Маңғыстау облысында болды. «Toyota Hiace» маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жол шетіне аударылып кеткен. 8 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы 2 жолаушы ауруханаға апара жатқан жолда жан тапсырды.

ЕРКІН ЕЛЕУСІЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚАРАҚИЯ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін және жолаушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жол ережесінің болмашы бұзылуы да орны толмас қайғы салдарына әкеліп соғуы мүмкін.

Ал жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Қазір жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер үшеуінің де жағдайын  "ауыр, бірақ тұрақты" дейді.

БЕКБОЛАТ ІЗБАСАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Зардап шеккендердің бірі — Жаңаөзен қаласының тұрғыны, жүргізуші. Екі науқас — Қарағанды облысының тұрғыны.Білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Қажетті әрі-дәрмектің бәрі жеткілікті.

Жолаушылар Бекет Ата мешітіне бағыт алып, тәу етуге бара жатқан. ІІМ қайғылы жағдайға тап болған отбасыларға қажетті көмек көрсетіледі дейді. Осыған байланысты шұғыл штаб құрылды. Жол апатынан қаза тапқан азаматтардың туыстарын Маңғыстау облысына жеткізу үшін борт жіберілді. Борт марқұмдардың денесін өз аймақтарына жеткізу үшін де пайдаланылады. Көз жұмғандардың ішінде  бес әйел Қарағанды, біреуі Астана қаласының тұрғыны.

ШЫҢҒЫС ӘЛЕКЕШЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Министр қылмыстық істің тергелу барысын жеке бақылауына алды. Қазіргі уақытта тергеу аясында жүргізушінің әрекеттері, көліктің техникалық жағдайы, бағыты мен тасымалдау процесі зерттелуде.

Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Апаттың себебі мен мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.