Елімізде бір адам тісін емдеу үшін зейнетақы шотынан 32 млн теңге алған. Егер имплант құны 500 мың теңге деп есептесек, бұл қаржы 65 тіс тәжін қоюға жетеді. Бұл -бір ғана факт. Негізінен жинақ қаржысын осындай әдіспен шешіп алып отырғандар жетерлік. Мәселен, бір азамат зейнетақы қорындағы қаражатты тіс емдеуге пайдалану үшін Отбасы банкке 27 рет өтініш берген. Сөйтіп, 13 млн теңгесін шығарып алған. 25 млнға стоматологиялық қызмет алғандар бар. Бір қызығы, мұндай әрекеттердің дені Атырау қаласындағы клиникада іске асырылған. Емханаға зейнетақы жинақтарынан 22,9 млрд теңге аударылыпты. Отбасы банк кей клиенттер құжат тапсырғанда жалған анықтамаларды ұсынғанын анықтаған. Қаржы ұйымы күмәнді схемаларға қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдады.
"ОТБАСЫ БАНКІ" АҚ:
Анықталған барлық факті халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік бағдарламаның беделін түсіріп қана қоймай, Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалану бойынша кең, ауқымды, заңсыз бизнес жолға қойылғанын көрсетіп отыр.
Айта кетейік, 4 жылда стоматологиялық қызмет үшін зейнетақы қорларынан 757 млрд теңге аударылған. Енді 15 қыркүйектен келер жылдың 15-сәуіріне дейін мұндай қызметке өтініш беру уақытша тоқтатылады.