«Израиль енді Газа секторындағы азаматтарын көрмейді», - Қатар Премьер-министрі

"Израиль Газа секторында жатқан тұтқындарымен қош айтыса берсін. Енді оларды тірі көрмейді". Қатар Премьер-министрі осылай деді. Айтуынша, бітімгер елге шабуыл жасау – нағыз топастық. Ал, Америкада Трамптың жақтасын өлтірген адам әлі табылмады. Тек оның қашып бара жатқан видеосы мен суреті жарияланды. Тіпті, оның кім екені де белгісіз. Непалда жаппай тәртіпсіздік саябырсып, комменданттық сағат режимі алына бастады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды әріптесім Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Израиль енді Газа секторында тұтқында жатқан азаматтарын тірідей көрмейді. Қазірден қош айтыса берсін. Бұл туралы Қатар Премьер-министрі Мұхаммед Әл-Тани сұхбатында айтты. Сөзінше,  АҚШ пен Израиль барлығын алдап кеткен. Бұл шабуыл нағыз арамдық болды. Ел астанасы – Дохада ХАМАС-тың келіссөзге келген делегациясын ақтық сапарға шығарып салды.

ШЕЙХ МҰХАММЕД, БИН АБДУЛРАХМАН ДЖАСИМ ӘЛ ТАНИ – ҚАТАР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Израиль АҚШ қолдауына сүйеніп бізді сан соқтырып кетті. Жаңа заман тарихында ешқашан келіссөзге келген адамды өлтіру деген сұмдық болмаған. Олар ХАМАС-пен келісімге қол қоюға дайынбыз, - деп Дохаға шақыртып алды. Бұл арамдықты сөзбен айтып жеткізу қиын.

Трамптың жақтасы, белгілі блогер Черли Керкты өлтірген күдікті әлі табылмады. Бір күн бойы барлық күштік құрылым жұмыс істегеніне қарамастан оның аты-жөні де белгісіз. Бар болғаны Юта штатының колледжіне көрші орналасқан ғимараттан түсіп бара жатқан бейнежазба мен сурет жарияланды. Федералды Тергеу Бюросы бұл азамат туралы көрген-білген жанға 100 мың доллар сыйақы дайындап қойды. Трамптың өзі болса, ол адамды хайуанға теңеді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Оны адам деуге ауыз бармайды. Ол – нағыз хайуан. Қазір Федералды Тергеу Бюросы бүкіл күшін жұмылдырды. Прогресске қол жеткізді. Қылмыскер міндетті түрде құрықталады. Оған ешкімнің күмәні болмасын. Қолымызға түскен кезде федералды агенттер оны азаптаса да еш қарсылығым жоқ.

Непалдағы «Зумерлер революциясы» артынша басталған жаппай тәртіпсіздік саябырсыды. Армия болса, комменданттық сағат режимін біртіндеп тоқтатып жатыр. Естеріңізге сала кетсек, жемқорлық пен кедейліктен шаршаған жастар, интернет бұғатталғанда қолдарына қару алып шығып, министрлерді тепкілеп, Президент сарайын өртеп жіберген еді.