200 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдануға арналған тегін курстан өтті

200 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдануға арналған тегін курстан өтті. Оның 140 мыңға жуығы арнайы куәлік иеленді. Бағдарламада педагогтер жасанды интеллект құралдарын тиімді, әрі этикалық тұрғыда пайдалану, промпт жазу, сабақ жоспарлау, тестілеу мен оқу материалдарын әзірлеуді меңгерді. Осы сияқты тәжірибелер «Edu Continuum 2025» халықаралық конференциясында да талқыланды. Астанада өткен ауқымды жиында жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу, педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту және жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар сөз болды. Басқосуға АҚШ, Ұлыбритания және Қазақстаннан жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

ТОМ КИДДЛ, ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ NORWICH INSTITUTE FOR LANGUAGE EDUCATION ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жасанды интеллект - біртұтас нәрсе емес, шын мәнінде ол үш немесе одан да көп құрамдас бөліктен тұрады. Біріншіден, жасанды интеллект академиялық адалдық тұрғысынан қарастырылады. Екіншіден, жасанды интеллект қол жетімділікті арттырады. Бұл өз кезегінде мүмкіндіктерді кеңейтеді. Үшіншіден, жасанды интеллект мұғалімдердің шығармашылығы үшін де маңызды, ол олардың кәсіби дамуының құралы ретінде қолданылады.