Қызылордадағы «Арай» мөлтек ауданының балалары бұған дейін бірнеше шақырым жердегі мектепке қатынап оқитын. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтын еді. Енді бұл мәселелер артта қалды. «Келешек мектептері» жобасы аясында заман талабына сай жабдықталған 1500 орындық білім ордасы ашылды. Бұған дейін ескі ғимаратта шәкірт тәрбиелеп келген Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі жаңа нысанға көшірілді. Онда мектепалды даярлық сыныптары ашылды. Білім ұясы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқытады. Барлық пәндік кабинеттер арнайы құрылғыларымен жабдықталған. Бұл балалардың терең білім алып, болашақ білікті маман болуына салынған даңғыл жол дейді ата-аналар.
ЖӘМИЛӘ ҚАСЫМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Әрбір пәнге арналған оқу кабинеттері, спорт залдары, үлкен асхана, үлкен көлемдегі кітапхана, кітап қоры, осының барлығы балаларға жасалған үлкен жағдай деп есептеймін. Өте қуаныштымыз балаларымыз болашаққа өзінің қалаған кез келген жақсы нәрсесіне қол жеткізе алады деп есептеймін.