Солтүстік Кореяда шетелдік сериал көргендер өлім жазасына кесіледі

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы жұма күні жариялаған жаңа баяндамасында Солтүстік Кореядағы (КХДР) адам құқықтарының жағдайы соңғы онжылдықта жақсармағанын, керісінше, көптеген бағыттарда нашарлап кеткенін атап өткен. БҰҰ мәліметінше, азап шеккен халықтың жағдайы күрделене түскен, деп хабарлайды Astana TV.

Корей Халық Демократиялық Республикасының билігі азаматтарды толық бақылауда ұстау үшін жаңа заңдар қабылдап, қатаң саясат жүргізіп отыр.

— Әлемде бірде-бір халыққа мұндай шектеулер қойылған емес, — делінген баяндамада.

Баяндамада бұрын елден қашып кеткен адамның сөзі келтірілген:

— Бұл — тіпті наразылық пен шағымның болмашы белгілерін жоюға бағытталған бақылау түрі болды.
2025 жылы Солтүстік Корея тарихта ең жабық елге айналды. Баяндама КХДР-дің өзін-өзі оқшаулауы, адам құқығының қыспаққа алынуы сондай-ақ Корей түбегіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қауіп арасында тығыз байланыс барын көрсетеді.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк бұл баяндаманы «КХДР-дегі жоғалған онжылдық» деп атады:

— Ашығын айту қиын, бірақ егер ел қазіргі бағытын жалғастыра берсе, онда халықты әрі қарай да азап, репрессия және үрей күтіп тұр, — деді ол.

КХДР аумағында саяси тұтқындарға арналған лагерлер әлі де жұмыс істеп тұр.

Жүздеген мың із-түссіз жоғалғандар, оның ішінде Оңтүстік Корея, Жапония және басқа елдерден ұрланған шетел азаматтарының тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр.

Мемлекеттік үгіт-насихат еш тоқтаған жоқ, халық үздіксіз идеологиялық қысымға ұшырайды.

Елде жеткілікті тамақтану мәселесі шешілмей тұр, ал кейбір мемлекеттік шаралар ашаршылықты одан әрі ушықтырып отыр.