Непал Үкіметін тұңғыш рет әйел адам – Сушила Карки басқарып отыр

Непал президенті Рам Чандра Паудел 73 жастағы Каркиді осы қызметке бекітіп, ол жұма күні, 12 қыркүйекте ант қабылдады, деп хабарлайды Astana TV.

Карки Непал үкіметін басқарған тарихтағы алғашқы әйел атанды. Оның кандидатурасын наразылық акциясының көшбасшылары ұсынған. Ол 2026 жылдың наурыз айында өтуі ықтимал келесі сайлауға дейін Непал кабинетін басқарады.

dpa агенттігінің мәліметінше, Карки елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресімен белгілі.

Непал үкіметі 9 қыркүйекте жаппай наразылықтарға және адам шығынына әкелген әлеуметтік желілерге салынған тыйымды алып тастады. Дағдарыс ушыққан тұста премьер-министр Шарма Оли, ішкі істер министрі және тағы екі министр отставкаға кетті.

20-дан астам әлеуметтік желіні, соның ішінде Facebook, Instagram және YouTube-ты қамтыған тыйым Непалда олардың жаңа талапқа – мемлекеттік қадағалауға тіркелу және бағыну ережесін орындамағаны үшін енгізілген еді.

Блокадалардың алынғанына қарамастан, шерулер тоқтаған жоқ: олардың қатысушылары, негізінен жастар, елдегі сыбайлас жемқорлық пен биліктің жалпы саясатына қарсы шықты. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, мыңдаған демонстранттар жетекші партиялардың кеңселерін және кейбір саясаткерлердің үйлерін қиратты әрі өртеді. Наразылар "Непал конгресі" партиясының кеңсесін және бірнеше полиция бөлімшесін отқа қойған. Непалдағы жаппай наразылықтар "Z буынының демонстрациялары" деп аталып жүр.

Полициямен қақтығыс салдарынан кемінде 51 адам қаза тауып, 1300-ден астамы жарақат алды.