Елордада 70 су есептегіш құралды ұрлаған ер адам ұсталды.
"Қылмысты тоқтату" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Астана қаласының полиция қызметкерлері пәтер иелері кооперативінен түскен бірнеше шағым бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің подъездерінен су есептегіш құралдарын жасырын ұрлаған күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу барысында 44 жастағы ер адамның тұрғын үйлердің кіреберістеріне еркін кіріп, жалпы саны 70 су есептегіш құралды ұрлап кеткені анықталды. Күдікті бейнебақылау камералары арқылы әшкереленді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция оның жеке басын анықтады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, сондай-ақ күдіктінің бұрын жасалған басқа да ұрлыққа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.