Қазақстан Израильдің Қатар мемлекеті аумағындағы әскери іс-әрекетін қатаң айыптайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Дохада өткен төтенше Араб-Ислам саммитіне қатысқан Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов осылай деді. Алқалы жиында Палата төрағасы сөз сөйлеп, халықаралық қақтығыстарды реттеу бойынша мемлекетіміздің ұстанымдарын ортаға салды. Ол қазіргі таңда Таяу Шығыс аймағы үлкен геосаяси қиындықтарға тап болғанын айтып, халықаралық ахуалдың күрт нашарлағанына назар аударды. Қатар өзінің бітімгершілік саясаты арқасында жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге орасан үлес қосып келетінін де атап өтті. Сондай-ақ Ерлан Қошанов саммит алаңдарында Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен пікір алмасып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазақстан Израильдің Қатар мемлекеті аумағындағы әскери іс-әрекетін қатаң айыптайды. Бұл ұстанымды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғаш болып мәлімдеп, Қатар мемлекетіне табанды қолдауын білдірді. Жасалған шабуыл қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді. Осындай шабуыл мемлекеттің қауіпсіздігіне ғана емес, халықаралық тәртіптің негізін басшылыққа алатын мемлекеттердің теңдігі мен егемендігіне де нұқсан келтіреді.