Ақша аударғандар түрмеге тоғытылады. Енді дропперлер 7 жылға дейін сотталады. Бүгіннен бастап дропперлікке қатысты жаңа бап күшіне енді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, банк шоттары арқылы заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жасау, сондай-ақ мұндай операцияларға қатысу дропперлік болып саналады.
БЕЙБІТ БІРЖАНОВ, ҚР ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Күшіне енген заңның негізінде өздеріне тиесілі банк және есепшоттар туралы риквизиттерді 3-тұлғаларға беріп, сол азаматтар өздеріне тиесілі есепшоттарды, ақша аударымдарын жүргізу барысында сол ақша қылмыстық әрекет нәтижесінде пайда болған жағдайда, өздеріне тиесілі банк реквизиттерін және есепшоттарын берген тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Сондай-ақ, бүгіннен бастап қыз алып қашқандар сотталады. Ал егер ол ауыр зардаптарға әкеп соқтырса, адам 10 жылға дейін қамалуы мүмкін. Айта кетейік, бұрын егер жігіт қызды еркінен тыс алып қашып, бірақ, артынан оны жіберсе, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кететін еді. Жаңа өзгерістерге сәйкес бұл ескертпе күшін жойды.