Қызылжарда оқушылар сарайында үш мыңнан астам бала үйірмелерге тегін барады

Қызылжарда үш мыңнан астам бала мемлекеттік қолдаудың арқасында өз әлеуетін тегін жетілдіріп жатыр. Оқушылар сарайында 120 түрлі үйірме бар. Мұнда шығармашылық сабақтарынан бөлек, балалар тың қондырғылардың арқасында заманауи технологиялармен танысып жүр. Жастар - еліміздің басты ресурсы деп Президент   өз жолдауында айтқан болатын. Аймақтағы тілшіміз болашағы зор балалардың арман-мақсаттарын біліп қайтты.

Әнел Есілбай өсімдіктерді зерттеуге құмар. Білімін тереңірек дамыту үшін үш жыл бұрын оқушылар сарайындағы биотехнология үйірмесіне жазылған. Қазір жасыл желектің жасушаларын күрделі түрде зерттеп жүр. Болашақта осы салаға ден қойып, білікті маман атануды көздеп отыр.

АНЕЛЬ ЕСІЛБАЙ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Әдетте микрозеленді химиялық қоспалардың көмегімен өндіреді. Бірақ біз бұл жерде жаңа технологиялық әдісті ойлап таптық. Ол балықтардың қалдықтарын қолдана отырып, микрозеленді өсіру. Ол дегеніміз микрозелень экологиялық таза өнім болып шығады.

Оқушылар сарайында балақайлардың шығармашылығын тегін дамытуға да мейілінше көңіл бөлінген. Әсіресе домбыра үйірмесіне сұраныс жоғары. Жас шәкірттер республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған.

БЕРІК ЖАНАТОВ, ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Домбыра біздің ұлттық аспабымыз. Биылғы жолдауда да айтылып өтті ұлттық өнерге баса назар аударуымыз керек. Домбыра бұл тек музыка емес, бұл баланы ұлттық өнерге баулу. Бұл ата-бабаларымыздан келе жаиқан асыл мұраны дәріптетіп, қолдарына үйретіп, ұлттық өнерді, күйлерді үйретеміз.

Мекеме 1800 орынға шақталғанымен бұл жерде білімге құштар балалардың саны екі есе көп. Олардың шығармашылық және технологиялық әлеуетін толық жетілдіру үшін өңірдегі үздік мұғалімдер жұмылдырылған.

ДИНА ӘБІЛМАЖІНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Президент өзінің жолдауында біздің күшіміз жастардың білімінде. Әрбір оқушының білім алып, қолайлы жағдай жасалуы тиіс деп айтқан болатын. Соның ішінде технопарктің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде 16 зертхана жұмыс істейді. Және бір айтардық дүниеміз… халықаралық гранттарға ие болып, бүгінгі күні мектепті аяқтаған оқушыларымыз шетелде біліп алып жатыр.

Оқушылар сарайы жуырда “халықаралық зерттеу алаңы” деген сертификатқа ие болды. Бұл жастарға әлем аренасын бағындыруға жол ашпақ.