Шынайы оқиғаларға негізделген “Қоқыс” атты телехикая көрерменге жол тартпақ

Қазақстан ауылдарының тағдырын, табиғатын, тіршілігін суреттейтін жаңа “Қоқыс” атты телехикая көрерменге жол тартпақ. Top pro cinema  продюсерлік орталығы түсіріп жатқан  туынды   ауыл тұрмысы жайлы ғана емес, қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – қоқыс пен экология жайын қозғайды. Телесериал "Таза Қазақстан" акциясын арқау етіп, шынайы оқиғаларға негізделген. 

Ауылдың шынайы өмірін, тұрғындардың күнделікті күйбең тіршілігін арқау еткен сериал бүгінгі күннің ең өзекті проблемасын көтереді. Ол – тұрмыстық қалдық пен қоқыстың жайы. Шығармашылық топ бұл арқылы көпшілікті табиғатты аялауға және жауапкершілікке шақыруды мақсат етеді.

МЕДЕТ ҚАЛИБЕКОВ, РЕЖИССЕР:

Сериал жалпы сол ауыл тұрғындары туралы. Ауыл жайлы. Содан кейін қазіргі сол Қазақстанның көп ауылдарында басты мәселелердің бірі боп тұрған бұл жерде қоқысты қайда жібереміз, сол мәселемен күресу, экологиялық тәлім тәрбие беру.

“Қоқыс” деп аталатын жаңа комедиялық телехикая 10 бөлімнен тұрады. Сериалда махаббат пен драма, күлкілі сәттер мен экшн элементтері қатар өрілген. Ең бастысы – қоғамды ойландыратын өзекті ой қалыптастырады.

ДАМИР МАДИЕВ, АКТЕР:

Бұл телесериалды адамдар көріп, кейбіреуі тым болмаса ойланып қалса мағынасы жайлы. Онда біз үшін ол үлкен жетістік деп есептеймін. Себебі бұл сериал қазіргі уақыттағы керек дүниені қозғайды деп ойлаймын.

Сюжет шынайы оқиғаларға негізделген. Кейіпкерлер тағдыры арқылы көрерменге тек қоқыстың зияны  емес, адам бойындағы бейқамдық пен немқұрайлылық көрсетіледі. Ал финалда ауыл жаңарып, жаңа өмірге қадам басады.