Әлемдік музыка тарихындағы ең табысты поп-топтардың бірі саналатын Backstreet Boys бүгінде 130 миллионнан астам альбом сатқан, деп хабарлайды Astana TV.
Астанадағы концерт аталған ұжымның әлемдік турнесінің бір бөлігі болмақ. Биыл Лас-Вегас қаласындағы The Sphere кешенінде өткен шоудың билеттері бір күнде 500 мыңнан астам дана сатылып, концерт ең көп сатылыммен өткен шараға айналған болатын.
Сонымен қатар Астана әкімдігінің дерегінше, елордадағы концертке Германия, Польша, Франция, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және өзге де елдерді қоса алғанда, 45 мемлекеттен 12 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ ұйымдастырушысы «Астана Концерт» компаниясы Total White дресс-кодын жариялады. Бұл талап кештің ерекше бірлік пен стиль атмосферасын қалыптастыруға бағытталған. Әлеуметтік желілерде #GetReadyWithMe хэштегі кеңінен тарап, қазақстандық жанкүйерлер бала күнгі кумирлерін қарсы алуға қалай дайындалып жатқанымен бөлісіп жатыр.