Енді туристерге QR-карта қолжетімді

Германиядан келген қонақтар — Элин мен Арман Қызылорда облысына саяхаттап, өздеріне туристік карталарды ұсынған полиция қызметкерлерінің қонақжайлығына ерекше ризашылықтарын білдірді, деп хабарлайды Astana TV.

Олар Қазақстанда өздерін толықтай қауіпсіз сезінетіндерін айтып, тек бір қаланы ғана емес, бүкіл елді қызығушылықпен зерттеп жүргендерін жеткізді. Бұған дейін хабарланғандай, арнайы QR-кодты сканерлеу арқылы туристер SAFETRAVEL.KZ порталына өте алады. Бұл портал жайлы әрі қауіпсіз демалысты қамтамасыз етуге арналған қажетті ақпараттың толық жиынтығын ұсынады.

Атап айтқанда, мұнда:

  • жеке қауіпсіздікке қатысты кеңестер;
  • “102” мобильді қосымшасы арқылы полиция шақыру мүмкіндігі;
  • төтенше жағдайда орналасқан орынды анықтау қызметі;
  • ұялы байланыс операторлары, SIM-карталар, такси және өзге де пайдалы сервистер туралы мәліметтер жинақталған.

Барлық ақпарат қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қолжетімді. Бұл — сервис пен елге деген сенімді арттыратын ыңғайлы шешім. Полиция өкілдері мұндай бастамалар шетелдік азаматтардың Қазақстанда өздерін жайлы әрі қорғалған сезінуіне ықпал етіп қана қоймай, ашықтық пен сенім атмосферасын нығайтатынын атап өтті.