СҚО-да жоғары білім алған 470 студенттің тек 69-ы ғана өңірде қалған – аудит қорытындысы

СҚО бойынша тексеру комиссиясының мәліметінше, облыстық білім басқармасына жүргізілген аудит нәтижесінде оңтүстік өңірлерден келген студенттердің ауа райына және жергілікті менталитетке бейімделуде қиындықтарға тап болатыны анықталды, деп хабарлайды Astana TV.

Салдарынан көптеген түлек оқуын аяқтаған соң туған өңіріне қайта оралып жатыр.

Атап айтқанда, жүргізілген талдау бойынша 470 студенттің ішінен тек 69-ы ғана облыста қалып, жұмысқа орналасқан. Бұл жалпы түлектердің небәрі 14,7%-ы ғана.

Жастарды ауылдық жерлерге тарту бойынша шаралар қолға алынғанымен, көпшілігі ауылда еңбек етуге ниет білдірмейді. Бұған негізінен әлеуметтік жағдайдың жасалмауы, инфрақұрылымның жоқтығы, мотивациялық тетіктердің әлсіздігі себеп болып отыр.

Ал Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 2021–2022 және 2024 жылдардың қорытындысы бойынша «Қоныс аударушылар мен қандастардың жұмыспен қамтылу деңгейі, соның ішінде кәсіпкерлік бастаманы дамыту» ұлттық жобасының нысаналы индикаторын орындай алмады.

Былтырға бөлінген қоныс аударушыларды қабылдау квотасы да орындалмай қалған. Оған СҚО-ға өз еркімен қоныс аударуға дайын азаматтардың жоқтығы себеп. Жергілікті атқарушы органдар мен басқарма тарапынан өзге өңір тұрғындарын тарту бойынша жүргізілген жұмыс та толық көлемде іске аспаған.

Мамандардың айтуынша, аудит кезеңінде облыстан 3852 адам немесе 1212 отбасы көшіп кеткен. Бұл өңірдегі демографиялық жағдайды одан әрі ушықтырды.