Ақмола облысында биыл 7 млн тонна астық жиналады

Ақмола облысында биыл 7 млн тонна астық жиналады деген жоспар бар. Себебі осы жолы егістік алқабы 300 мың гектарға ұлғайған. Бұл туралы бүгін Президенттің өңірге жасаған сапарында айтылды. Бұдан бөлек, майлы дақылдар алқабын ұлғайту жұмыстары да жалғасуда.  

Аймақта бүгінге дейін 3,6 миллион тонна астық бастырылған. Яғни, орта есеппен 1 гектар алқаптан 15,4 центнер өнім алынған. Жиналған өнімнің сапасы жоғары. Сондай-ақ, өңірде мол өнім беретін майлы дақылдар алқабын ұлғайту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2023 жылмен салыстырғанда мұндай егістік алаңының көлемі 2,5 есе артып, 495 мың гектарға жеткен.

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Үлкен осы жобалар өзіңіздің бастауыңызбен жасалған үкіметтің қолдауымен біз осы жерде аймақта тиісті жұмыстар жасалып жатырмыз. Осы отырған дихандардың атынан, ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқан мамандардың атынан біз үлкен алғыс білдіргіміз келеді.

Өңірде агроөндіріс бойынша да цифрлық жүйе қарқынды дамып келеді. Ауыл шаруашылығы министрі цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыра беретінін жеткізді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Қазгидрометпен біз бірге жұмыс істейміз. Цифрлық жүйе барлығы жұмыс істеп тұр. Агроөндіріс бойынша да. Екі жүзден астам компания осы жүйеге өтті.Дрондар мен техникаларды сатып алуды біз жалғастырамыз.

Президент еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді. Қол жеткізілген жетістіктің бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деді. Ауылшаруашылығын қолдау жалғасады деді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биыл қараша айында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтеді. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелері қарастырылады.

Сонымен қатар Президент  Ақмола облысындағы аграрлық көрмені аралады. Мұнда жартылай фабрикаттар, консервілер, ет, сүт және нан өнімдері қойылған.

Президент Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі Бас жоспарымен де танысты. Онда жылу электр орталығы, облыстық көпбейінді аурухана, Азаматтық қорғаныс академиясы және көпфункционалды спорт кешенін салу жоспарланған. Ал алдағы 5 жылда  175 ескі үйді бұзу жоспарланып отыр. Оның орнына 3500 пәтерге есептелген 35 заманауи тұрғын үй бой көтереді. Нәтижесінде 11 мыңға жуық адам жаңа қонысқа көшеді. Президент сондай отбасылардың біріне кіріп, жағдайларын білді.

Аймақтың экономикалық даму көрсеткіші  жаман емес. Биыл аймақтың ішкі өнімі 900 млрд теңгеге жуықтаған. Оның ішінде тауар өндірісінің үлесі 50 пайызға, ал қызмет көрсету саласының үлесі 45 пайызға жеткен. Сондай-ақ, өңірде туризм саласы да көш ілгері. Бұл бағытта 700-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді.