Әлемдік діндер көшбасшыларының съезіне келген меймандар Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты ашық пікір алмасуы керек,-деді Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Cъезінде. Форумға келген Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилге алғысын айтып, оның осы Съезге қатысуы дәстүрлі діндер көшбасшыларының алдағы диалогын кеңейтіп, форумның табысты өтуінің маңызды факторы болатынын жеткізді.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Cъезі құрылған сәттен бастап Мысырдағы әл-Азһар университеті тиісті қолдау жасап келеді.
- Сондықтан зор ризашылық білдіреміз. Мысырдағы әл-Азһардың бас имамын бүкіл әлем қазіргі ислам өркениетінің көрнекті ойшылы ретінде құрмет тұтатады. Жоғары мәртебелі доктор, шейх Ахмет ат-Тайыпты қазақ елі өзіне дос санайды. Сонымен қатар, мәртебелі меймандардың қатарында Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед Әл-Иса бар. Ислам лигасы барша адамзатты ізгілікке шақыратын маңызды халықаралық ұйым екені белгілі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент бүгінгі басқосуға арнайы келген әлемдік және дәстүрлі діндердің өзге де көшбасшыларына, БҰҰ басшылығына, халықаралық ұйымдарға, саясаткерлер мен сарапшыларға алғысын айтты.
- Қазір Таяу Шығыстағы ахуал аса күрделі екені жасырын емес. Сіздердің осы жиынға қатысуларыңыз ашық пікір алмасуға, бейбітшілік пен келісімге деген шынайы ұмтылысты көрсетеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз, - деді Мемлекет басшысы.