Жастарды отандық өндіріске икемдеу керек. Осы мақсатта "Нұр Отан" партиясының өкілдері жасөспірімдер үйінің түлектерін зауыт жұмысымен таныстырды. Партиялықтар оларды мегаполистегі зауыттарға жұмысқа орналастыруға белсенді кіріскен.
Бүгін оннан аса жігіт мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті жабдықтар мен тасымал ыдыстарын шығаратын қаладағы ірі кәсіпорынға барды. Онда зауыт мамандарымен жүздесіп, өндірістің әлеуетімен танысты. 22 жылға жуық тарихы бар «Белкамит» жылына сұйық газдарды жоғары және төменгі температурада тасымалдау мен сақтауға арналған ыдыстар мен металл құрастырылымдар шығарады. Тек отандық мұнай-газ өндіретін компанияларды ғана қамтып қоймай, шетелге тауарларын экспорттап отыр. Мұнда дәнекерлеуші мен темір ұсталарына деген сұраныс жоғары. Алдағы күндері жасөспірімдер үйінің бітірушілері зауыттың білікті мамандарынан дәріс алады. Теориялық білімдерін тәжірибеде сынап көреді. Ептілігі бар азаматтар жұмысқа кірісетін болады. Ал өткен жылы зауыт ұжымы оннан аса жас маманды қатарларына қосқан.
Айдар Ысқақов, «Белкамит» ЖШС өндірісті дайындау инженері:
Біз жастарға көп көңіл бөліп, жағдайларын жасап беріп отырамыз. Өткен жылы 10 маман қабылданған жастар арасынан. Биыл балалар үйінен он адам қабылдауға мүмкіншілігіміз бар.