Nazarbayev University-де жас ғалымдарға арналған халықаралық конференция өтті

Астанада ең ірі ғылыми форумдардың бірі NUARC-2025 конференциясы өтті. Биылғы форум «Инновацияларды қолдау: Қазақстан зерттеушілерінің жаңа буынын өсіру» тақырыбына арналды. Іс-шарада жас ғалымдарды қолдау мен дамыту мәселелеріне басымдық берілген.

Назарбаев университетінде өткен конференция барысында тұрақты энергетиканың болашағы, шетелдік оқу орындарының қазақстандық ғылымға қосатын үлесі, сондай-ақ студенттердің қазіргі ғылымға көзқарасы секілді өзекті мәселелер талқыланды.

ӘСЕМ ТІЛЕУМАҒАНБЕТОВА, ЖАС ҒАЛЫМ:

Бұл конференцияға мен екі жобамен келіп отырмын. Біреуі бұл адам папилома вирусына қарсы вакцинациясының әсері туралы. Екіншісі денсаулық сақтау системамызға енгізуге болатын, digital tween яғни цифрлық егіз деген ЖИ-мен прогноз жазылған жобамен келіп тұрмын.

Шараға 200-ге жуық ғалым жиналған. NUARC-2025 аясында пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, ауызша және постерлік презентациялар, сондай-ақ жасанды интеллект тақырыбына арналған арнайы воркшоптар өтті.

ЖҰМАБАЙ БӘКЕНОВ, ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ БОЙЫНША ВИЦЕ-ПРОВОСТ:

Халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Жасыл технологияларды қолдандық. Конференция материалдрын баспадан шығармадық, барлығы цифрлы форматта өтіп жатыр. Денсаулық қорғаудан бастап, барлық олитикалық ғылымдарға дейін арналған. Бірнеше үлкен ғалымдар қатысып жатыр.

Форумға АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттерінен де сарапшылар келіп, жасанды интеллекттің даму болашағы туралы баяндама жасады. Ал қатысушылардың бірі - Назарбаев Университетінің студенті Әділ Шаяхметов шәкіртімен бірге өз жобасын ұсынды..

ӘДІЛ ШАЯХМЕТОВ, ЖАС ҒАЛЫМ, СТУДЕНТ:

Міне, біздің Карима деген оқушымыз осы жерге Ақтөбе қаласынан келіп отыр. Біздің зерттеуіміздің тақырыбы - VENTUOR CAPITAL-ның экожүйесі яғни еліміздегі стартаптарды қолдау үшін негізгі ресурс VENTUOR CAPITAL экожүйесін қалай дұрыстауға болады деген сұрақтарға жауап іздедік.

Конференция аясында дәстүрлі “Үш минуттық диссертация” байқауы да өтті. Жас зерттеушілер өз жобаларын үш минут ішінде таныстырып, ғылыми ойларын көпшілікке ұсынды..