Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында "Бейбітшілік және келісім" саябағы ашылды

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында Бейбітшілік және келісім саябағы ашылды. Бұл – дінаралық және мәдениет аралық диалогты нығайтуға арналған бірегей бастама. Салтанатты  шараға  Сенат Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев пен мәртебелі делегаттар қатысты.

Астанада үш жыл бұрын бастау алған игі дәстүр жалғасын тапты. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне келген делегаттар кезінде Есіл жағасына ағаш еккен еді.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Бүгін сол ағаштар тамыр жайып, саябаққа сән беріп тұр. Үш жылдан кейін Астана төріне қайта келген қонақтар өз қолдарымен отырғызған ағаштардың маңында бас қосты. Бұл тек экологиялық бастама ғана емес, әлем елдері арасындағы татулық пен сенімнің, тұрақтылық пен келісімнің символы іспетті.

Саябақта бүгінде 60-тан астам ағаш жайқалып өсіп тұр. Ортасында бой көтерген «Өмір ағашы» монументі – мәңгілік тіршіліктің, бейбітшілік пен татулықтың белгісі. Жоба авторларының айтуынша, тамыры тарих тереңіне кеткен өмір ағашы адамзаттың ортақ құндылықтарын дәріптейді. Ал күмбездің астындағы емен ағашы мен субұрқақ – тіршіліктің бастауын бейнелесе, төрт жағындағы кіреберістер дүниенің төрт бұрышын меңзейді.

ДАМБАЖАВ ЧОЙЖИЛЖАВ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БУДДИСТЕР БАУЫРЛАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Алдарыңызда тұрған мына ағашты мен осыдан үш жыл бұрын өз қолыммен отырғызған едім. Бүгінде оның өсіп тұрғанын көріп, сондай-ақ осынау маңызды шараға куә болып отырғаныма айрықша ризамын.

Күмбез қабырғаларында адамзат тарихына ортақ ежелгі петроглифтер мен Қазақстан үшін маңызды тарихи оқиғалар бейнеленген. Бұл саябақ – бейбіт өмірді дәріптеген VII съездің ізгі бастамасының жалғасы.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР КӨШБАСШЫЛАРЫ СЪЕЗІ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Съезге қатысушылардың ізгі бастамасының нәтижесінде Есіл өзенінің жағалауында жаңа саябақ бой көтерді. Бұл – бірліктің, өзара сенімнің және бейбітшілік пен келісімнің жарқын символы. Барлық халықтың дәстүрінде тал өміршеңдікті, өсуді және өркендеуді білдіреді. Сондықтан бұл саябақты сенім мен этносқа қарамастан кемел келешекке ортақ ұмтылысымыздың белгісі деп қабылдаймыз.

Бейбітшілік пен келісім саябағы – өткеннің аманаты мен бүгінгі татулықтың белгісі. Ал ертеңге деген сенім мен жауапкершілікті арқалайтын – жастар.

ЕВГЕНИЙ СЕНЬКОВСКИЙ, РИМ-КАТОЛИК ШІРКЕУІНІҢ КӨМЕКШІ ЕПИСКОПЫ:

Жастар - болашаққа деген үміт. Олардың аяқ алысы, сенімі, талаптары мен ерік-жігері өте маңызды. Бүгінгі ашылған саябақ пен жастардың арасында ерекше байланыс бар. Жастар да сол жас ағаштар сияқты. Баптап, бақса әдемі саябаққа айналады.

«Бейбіт өмір – жастар таңдауы» тақырыбымен өткен форум әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас көшбасшыларды ортақ мақсатта тоғыстырды. Жиында жастардың діни сауаттылығы, ақпараттық қауіпсіздігі және бейбітшілікке қосар үлесі талқыланды.

АЛМАСБЕК ШАҒЫРБАЙ, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қоғамда жастар діни сұрақтар туындаған кезде біз зерттеулердің нәтижесін қарасақ 50 пайыздан жоғары жастарымыз әлеуметтік желіге жүгінеді. Ол сұрақтардың дұрыс жауабы ол әлеуметтік желіде қандай сайттардан алып отыр бізге белгісіз. Ол жалған уағызшылар ма, теріс ақпарат таратып жатыр ма сол үшін де бүгінгі съезде көтеріліп отырған мәселелер Мемлекет басшысының жолдауында айтқан мәселелермен тұспа тұс келіп отыр.

Жиынға қатысушылар жастардың толеранттылықты, мәдениеттер мен діндер арасындағы сыйластықты сақтай отырып, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.

БАҒЖАН КҮЗЕКБАЙ, ҚМДБ ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Халықаралық қатынастар бойынша жастар бір-бірлерімен пікір алмасу, мәдениет аралық, толеранттық бейбітшілікке бір-бірін үндеп жатыр. Бұл қазақ елінің қасиетті қазақ жерінде барша әлемді шақырып, татулықты үндеп жатыр.

Астанада өткен қос шара – Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін бірегей алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жастардың үнін күшейту – тұрақты әрі жарқын болашақтың кепілі.