«Мектеп бағдарламасы түсініксіз». Оқу жылының басталғанына 1 ай да болған жоқ, сонын өзінде ата-аналардың төзімі таусылып барады. Олардың бас ауруы – кітаптағы түсініксіз тіл мен қиын есеп. Үлкендер үшін үй тапсырмасын орындау кәдімгі мұңға айналған. Шарадай басымыз шақшадай болды деген тұрғындар амалсыз әлеуметтік желіге шығып, жаппай үндеу жариялап жатыр. Толығырақ желіні кезіп келген әріптесім Аружан Задабек түсіндіреді.
Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптарды қайта жинап келдім. Бірге талқылайық. Экраннан алыс кетпеңіз. Дәл қазір сағат 7-ден кетті. Бұл уақытта тұрғындардың біразы кешкі асқа отырса, енді бір бөлігі ертеңгі күнге дайындықты бастаған.
Бұл, кәдімгі, елдегі бір отбасы. Баласы әлі жуынбаған, жата қоймаған. Өйткені «математика» жауындатып тұр. Анасы үшін де бұл үлкен эстафета. «мұғалімнен ұят болмасын" деп өзі шешуге әзір отыр. Иә, бүгінгі тақырып осымен түсінікті шығар. Мектеп тапсырмаларын талдаймыз.
Бұл – алма. Ньютонға шабыт берген, дастарханға көрік берген дәрумен. Ал, бала үшін жай жеміс емес, есеп құралы. 2-сыныпқа берілген тапсырманы оқиын. «Әр алманың массасы – 150 грамм. 4 алманы алған Айжанның қолында неше келі жеміс бар?», Тағы біреуі: «Алманың бағасы – 120 теңге. Ол 4 алма үшін қанша төледі?» бала түгілі үлкеннің өзі мына есепті естіп есеңгіреп қалады. Турасына келгенде, бала ойланбай жей салатын алманы,енді талдап, есептеп, тең бөліп, әділет іздеп барып, жұтады. Қалжын қалжынымен, бірақ ата-аналар үшін бүгінгінің бас уайымы – осы.
БЛИЦ:
- Мынаны балалар түгілі, ата-аналар да шығара алмай жатыр ғой. Ата-ана жұмысын қойып енді есеп шығару керек па?
- Мен шығара алмай жатырмын. Қызыма түсіндіре алмай жатырмын.
- Балалар ойнап жүр. Ата-анасы сабақ оқып отыр.
Бала тапсырманы түсінбейді . Ата-ана да түсіндіре алмайды. Соңында амал жоқ, ChatGPT-ге салатын болдық. Мен де сынап көрдім. Жоғарыдағы алмаға қатысты есеп естеріңізде болар. Соны шығарып бер деп едім. Міне, жауап. Айжанның қолында қанша келі алма барын да, бағасын да нақтылап жазып, ережесімен ұсынды. Бәрі дайын. Тек дәптерге түсірсең "бес" сенің қалтаңда. Бірақ мұның соңы не болады? Оқушы өзі ойланудан қалып, миын қозғалтуға ерінетіндей күйге түседі. Біреуге иық сүйенгендей, жеңіл жолға әуестенеді. Ұмтылысы жоғалып, жаңашылдықтан жиренуі де ғажап емес.
БЛИЦ:
- Жастарға зор болды ғой. Дайын сабақты көшіріп алады. Миымен ойланбайды да.
- Пайдалы чат негізі. Бірақ кейде қорқынышты. Өйткені ойлау қабілетімізден айырылуға алып келіп жатыр.
Мәселе расымен ушыққан. Қандай шешімнің жөн екенін табу қиын. Депутаттар мектепте түбейгейлі телефон ұстауға тыйым салуды ұсынды. Тіпті, үзілісте де қол тигізуге болмайды.
Естеріңізде ме, бұрын анамыз қалтамызға тиын салып жіберсе, сабақ бойы соны қайда жұмсасам екен деп ойымыз төрт бөлінетін.Сол кезде мектеп әкімшілігі «балаға ақша бермеңіздер» деп ескерту жасайтыны бар еді. Телефонның мысалы да осыған ұқсас. Сөмкесінде смартфоны тұрған бала дәл осылай елеңдей береді дейді.
БЛИЦ:
- Баланың бәрі сөз тыңдамайды. Сабақ өткенде қолдарындағы телефонмен алысамыз.
- Ұстаздар да телефон ұстамасын. Әйтпесе қазір жиналыс ватсаппен болып кетті ғой.
Құрметті көрермен, бүгінге осы. Ата-аналарға сарқылмас сабыр, сәтті оқу жылын тілейміз. Сау болыңыздар!