«Сіздер бүкіл әлемге көрегендік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп отырсыздар». Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Cъезін қорытындылаған Мемлекет басшысы осылай деді. Қазіргідей алмағайып заманда мұның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті. Екі күнге созылған басқосу қорытындысы бойынша «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» құжаты қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев Съезд табысты өтті деп, жоғары бағасын берді.
Бірнеше күннен бері елордада түрлі мәдениет пен өркениет өкілдері бас қосып, әлемді алаңдатқан түйіткілдердің түйінін тарқатуға атсалысты. Елге келген меймандардың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір. Мемлекет басшысы съездің қорытынды Декларациясы соның нақты дәлелі екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы. Біз құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалогтың куәсі болдық. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті.
Жиынға қатысқан көшбасшылар бүкіл әлемге көрегендік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қазіргідей геосаяси тұрақсыздық белең алған күрделі кезеңде мұның мән-маңызы ерекше. Съезд аясында өткен пленарлық және секциялық отырыстарда көптеген құнды идеялар мен ұсыныстар айтылды. Деструктивті ағымдар мен зорлық-зомбылық, әлеуметтік теңсіздік секілді түрлі тақырыптар талқыланды. Бұл салмақты әрі сындарлы диалог нағыз даналықтың көрінісі екенін айғақтайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Экология, орнықты даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің адам өміріне әсері мәселелеріне ерекше мән берілді.Съездің ашылуында сөйлеген сөзімде діни дипломатияның халықаралық аренадағы диалог пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтқан едім. Сіздердің де бұл ұстаныммен келісетіндеріңіз қуантады.
Мемлекет басшысы тарихи ескерткіштерді, мәдени әралуандықты және адамзаттың рухани мұрасын сақтау үшін діни нысандарды қорғау өте өзекті екенін жеткізді. Жаһанда түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан кезеңде дін көшбасшылары барша халыққа адамгершілік қасиеттер мен гуманистік құндылықтардың шамшырағы болуға тиіс екенін де тілге тиек етті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сарапшылардың дөңгелек үстелі рухани дипломатияның әлеуетін кеңінен түсінуде ғылым мен діни ілім синергиясы маңызды екенін танытты. Бұл бағытты халықаралық ынтымақтастықтың құрамдас бөлігі ретінде күшейту қажет деп санаймын. Съезде дін көшбасшыларының бейбіт қатар өмір сүруге шақырып, бейтарап, саяси реңк бермей, ортақ үн қату идеясы талқыланды. Осы арқылы жаңа, анағұрлым орнықты әрі әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыруға елеулі үлес қосуға болады.
Мемлекет басшысы Қазақстан барлық деңгейдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогты толық қолдайтынын және Съездің жаһандық пікірталас алаңы ретінде ықпалын арттыруға тырысатынын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Съезд Хатшылығының БҰҰ институттарымен және басқа да құрылымдармен серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Оған халықаралық серіктестеріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады. Бейбітшілік – ең басты байлығымыз. Бұл – барша елдерге, халықтар мен діндерге ортақ аса маңызды құндылық.
Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық баянды болашақтың мызғымас кепілі. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Съездің табысты өткенін айтты. Игі мақсат жолындағы ынтымақ одан әрі нығая беретініне сенімі мол екенін жеткізді.