Интернет-алаяқтыққа қатысы бар 16 жасөспірім ұсталды

Қостанай облысында интернет арқылы жасалған алаяқтық әрекеттерге көмектесті деген күдікпен 16 жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Astana TV.

”Тексеру барысында Лисаков қаласының тұрғынынан 21 ұялы телефон, 48 SIM-карта және модем тәркіленді. Тергеушілердің айтуынша, бұл техника қылмыстық схемаларды жүзеге асыруда қолданылған”- деп мәлімдеді Полиция департаменті.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер Алматы, Астана, Ақтөбе, Қостанай және Семей қалаларында тұрғындарды алдап, 80 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Сонымен қатар тексеріс барысында тағы 15 жасөспірімнің осындай заңсыз әрекеттерге қатысы бары белгілі болды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда жасөспірімдермен бірге олардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.