Telegram-дағы жалған деректерді қалай ажыратамыз?

Әлеуметтік желідегі ақиқатты ажырату оңай емес. Әр күні мыңдаған жаңалық көз алдыңыздан өтеді. Осы орайда арнадағы жаңа айдарда соңғы күндері тараған даулы ақпараттарды талдаймыз. Қайсысы шын, қайсысы жалған?  Эфирде-Фейк фильтр.

Армысыздар! Ақпаратты саралай, сіздермен мен Ақбота Базарбай.

Телефонға телміріп, әлеуметтік желіден ақпарат алып жүргеніміз жасырын емес. Бірақ… соның бәрі рас па, жалғаны қайсы?

Біз қазір ақпараттың орманына кіріп кеттік. Әр ағаш – бір жаңалық. Бірақ қайсысы жемісті, қайсысы у – ажырату қиын. Бүгін біз өздерін «ең сенімді» деп көрсететін, бірақ ешқашан аты-жөнін де, дереккөзін де ашпайтын анонимді телеграм арналар туралы сөз қозғаймыз.

Неге олар секем тудырмайды? Аноним – аудиторияға ерекше әсер ету құралы. Құпия ақпаратқа қол жеткізгендей иллюзия қалыптастырады. Сол арқылы оқырманға «мен ғана білген құпия дерек» деген ой сіңіріледі. Мұндай тәсіл фактіден гөрі сенсацияны құнды етіп көрсетеді.

Бұл арналардың схемасы қарапайым: бірінші қадам – эмоцияға құрылған тақырып. «Жаңа ғана», «сенімді дереккөзден», «кулуарда айтады» сияқты тіркестер. Мәселен, 25 тамызда анонимді телеграм арна «жазылушы жіберген» делінген видео ролик жариялады. Видеоға эмоционалды тақырып қойылған. «Шу ауданы Су жоқ».

Бұл жерде автор сенім тудыру үшін талдауды сырт көздің пікіріне алмастырады. Яғни, дерек көзі жоқ цитаталар қолданылады. Авторлар аты-жөні көрсетілмеген адамдарға сілтеме жасайды. Одан кейін анонимді «сарапшылар». Осы ретте тағы бір ақпарат (ледке скрин шығады) «соңғы жылдары судың тапшылығы апатты деңгейде. Бұл туралы экологтар мен Үкіметтік емес ұйымдар дабыл қағуда.» делінген.  Бірақ тағы да бір де бір экологтың аты, не бірде бір ұйымның атауы келтірілмейді. Ақпаратты шынайыландыру үшін Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары мысалға келтіріледі.

Одан кейін – жаңғырық әсері. Бір хабарды бірнеше арна қайталап, «бәрі жазып жатыр» деген жалған көрініс жасау. Соңғысы  жалғыз фактіден үлкен қорытынды шығару. Бір ауданның су мәселесі бірден «елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіп» деген сенсацияға айналады.

Бұл – мaнипуляцияның классикалық үлгісі. Соның арқасында жалған ақпарат тез тарап, арналардың оқырманы көбейеді. Одан авторлар пайда тауып та үлгереді. Анонимді арналардың кейбір әкімшілері жазасыз қаламыз деп ойлайды. Бірақ заң бәріне ортақ.

Былтыр «Дикая Орда» арнасының авторы Данияр Әділбеков жалған айыптау және фейк таратқаны үшін 4 жыл 6 айға сотталды. Ал «Кір сабын» арнасының әкімшілері бопсалау фактісімен ұсталды.

БЛИЦ:

- Мынадай арналар халықты әдейі шатастырады. Жабу керек!

- Ақпаратты ресми порталдан тексермейінше сенбеймін.

- Аноним каналдарға шектеу қою қажет. Олар қоғамды улап жатыр.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ескертеді: белгісіз арналардан хабар оқығанда мына үш сұрақты өзіңізге қойыңыз.. Дерек нақты құжатпен расталған ба? Егер сенсеңіз, одан кім ұтады? Ал жалған болып шықса, салдары қандай?

Есіңізде болсын: әрбір анонимді ресурс тек оқырмандар арқылы өмір сүреді. Әр жазылу, әр репост – олардың өтірік пен манипуляциясын күшейтеді.

Ақпараттық қауіпсіздік – өз қолыңызда. Сенімді дереккөзді таңдаңыз.

Ал күмәнді мәліметке тап болсаңыз, Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының ресми арнасына жүгініңіз.

Бүгінге осы. Келесі кездескенше, аман болыңыздар!