Тауар бағасын басқа валютамен көрсеткен дүкенге айыппұл салынды

Шығыс Қазақстан облысындағы балаларға арналған дүкенде тауар бағалары рубльмен көрсетілгені анықталып, кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынды. Бұл туралы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.

Ведомствоға дүкендегі бағалардың шетел валютасымен рәсімделгені туралы азаматтардан өтініштер түскен. Нәтижесінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, ақпарат расталды. Кейбір тауарларда шынымен де рубльмен бағалар көрсетілген жапсырмалар қалған.

Дүкен басшылығы мұндай жағдайды заңнаманы білмеуімен және қызметкерлердің жетіспеушілігімен түсіндірген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 4-бөлігінде тауар бағасын теңгеден басқа валютамен көрсету үшін шағын бизнеске – 6 АЕК, орта бизнеске – 10 АЕК, ірі бизнеске – 30 АЕК айыппұл қарастырылған.

Ал осы әрекет қайталанған жағдайда, 193-баптың 5-бөлігіне сәйкес шағын бизнеске – 65 АЕК, орта бизнеске – 120 АЕК, ірі бизнеске – 200 АЕК айыппұл салынады.

- Тексеру барысында құқық бұзушылықтың қайталанғаны анықталып, дүкенге 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, құқық бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. - делінген хабарламада.