Ұлытау облысының Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспары бекітілді.

 Денсаулық сақтау министрлігінде кеңес өтті, оның барысында Ұлытау облысының Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспары бекітілді.

Басты мақсат – өңір тұрғындарына сапалы және уақтылы медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау. Ол үшін медициналық нысандарды салу және күрделі жөндеу, оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыру, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық кадрларды даярлау және тарту жөніндегі шаралар көзделген.

 Кеңесте республикалық ғылыми орталықтардың бірінші басшылары сөз сөйлеп, нақты мерзімде жоғары технологиялық бағыттарды дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынды.

Онкология, кардиология және кардиохирургия, хирургия, нейрохирургия, травматология, сондай-ақ босандыру және балалық шақ сияқты негізгі қызметтерді дамытуға ерекше назар аударылады.

Облыста медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту бойынша нақты шешімдер қабылданды.

 Кеңес қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрі А. Ш. Әлназарова нақты тапсырмалар берді.

• Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлытау облысының медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігі мен онкоскринингтердің тиімділігін қоса алғанда, медициналық көмек көрсетудің стандарттары мен қағидаларын сақтау тұрғысынан жоспардан тыс мониторинг жүргізуі қажет.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы медициналық жоғары оқу орындарымен және республикалық ғылыми орталықтармен бірлесіп-медициналық ұйымдарды кадрлармен жасақтау, инфрақұрылымды дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдасын, онкологиялық қызметке арналған заманауи сәулелік аппаратты орналастыру үшін блок салу мәселесін шешсін.

Бұдан басқа, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап онкологиялық скрининг бойынша құзыреттілік орталықтарын ұйымдастыру және өңір тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін «Жезқазған» медициналық орталығымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды жалғастыру тапсырылды.

Бұл шараларды іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын барынша арттыруға, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, Ұлытау облысы халқының денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын сапалы жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Осы жылдың тамыз айында Денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназарова Ұлытау өңіріне жұмыс сапарымен келгенін естеріңізге сала кетейік. Сапар қорытындысы бойынша жағдайды зерделеу және оны жақсарту бойынша кешенді шаралар дайындау үшін Министрлік мамандарынан, жетекші ғылыми орталықтар мен медициналық университеттерден жұмыс тобы құрылды.