"Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында, кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі бөлімше қызметкерлері мектеп оқушыларының қатысуымен акция өткізді. Полиция қызметкерлері оқушылармен кездесіп, ересектерге жолдағы жауапкершілік туралы еске салудың ерекше тәсілін ұсынды. Шамамен 50 оқушы өз ойларын хатқа түсірді. Хаттарда балалар жүргізушілерге өздерінің де жол қозғалысының кішкентай қатысушылары екенін, оларды үйде ата-аналары мен жақындары күтіп отырғанын еске салды. Көптеген бала болашақта елінің абыройлы азаматы болып, қоғамға пайдасын тигізгісі келетінін, бірақ ол үшін мектептен кейін үйге аман-есен оралу керектігін айтқан.
- Біз бұл хаттарды оқығаннан кейін жүргізушілер, әсіресе мектептер мен оқу мекемелері маңында мұқият болады деп үміттенеміз, – деді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік аға инспекторы Назира Тұрсынбаева.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бастап өңірде балалардың қатысуымен 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген, олардың ішінде жарақат алған 60 жаяу жүргінші болған. Мұндай акциялар балалар жарақатын азайтуға және жүргізушілер арасында жол мәдениетін арттыруға ықпал етеді.