Бір аптада 83 есірткі қылмысы анықталды: 750 келіден астам есірткі тәркіленді

Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған "Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыруды жалғастыруда.

Өткен апта ішінде елдің түрлі өңірлерінде есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты бірқатар құқықбұзушылықты анықтап, жолын кесті.

Жалпы 83 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде: 63 өткізу дерегі; аса ірі көлемде сақтаудың 8 дерегі; 1 ұйымдасқан қылмыстық топ; құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсірудің 7 фактісі. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы көлемі 750 келіден асты, оның ішінде 6 келіден астам синтетикалық заттар алынды, бұл "қара нарықтағы" 18 мыңнан астам дозаға тең. Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Атырау қаласынан a-pvp синтетикалық есірткісінің ірі партиясын алып келген 20 және 37 жастағы екі ер адамды ұстады. Тергеу барысында күдіктілердің бірінің тұрғылықты мекенжайында 1,2 келіден астам синтетикалық есірткі, сондай-ақ таразы, қаптама материалдары мен буып-түюге арналған құралдар тәркіленді. Алматы қаласында жедел іс-шаралар барысында 44 жастағы ер адамның басқаруындағы автокөлік тоқтатылып, жүк салғышынан ұнтақ тәрізді зат салынған төрт пакет табылды. Сараптама нәтижесінде заттың жалпы салмағы 1,35 келі мефедрон екені анықталды. Күдіктінің бұл заттың бір бөлігін достарымен бірге тұтынғаны, қалғанын шамамен 5 млн теңгеге сатуды көздегені белгілі болды.

- Барлық күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі қылмыстарымен күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде және елдің барлық өңірлерін қамти отырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.