Түркістан облысында полиция есірткі тасымалдаудың 2 дерегін тоқтатты.
"Қарасора - 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтау мен тасымалдаудың екі фактісінің жолын кесті. Полиция қызметкерлері Түлкібас ауданындағы "Шақпақ баба" бекетінде жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Audi автокөлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер тексеру кезінде жүк салғыштан ішінде есірткі заты бар үш қапты тапты. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 12 келіден астам қарасора болып шықты. Екі күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары осы бекетте тоқтатылған Mitsubishi көлігіндегі жолаушының сөмкесінен 5 келіден астам марихуана тәркіледі. Күдікті қамауда. Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, сондай-ақ істің барлық мән-жайын анықтау үшін жедел шаралар жалғасуда.