Батыс Қазақстан облысының Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде «Болашақ прокурор кеңестігі» атты бірлескен жобаның салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға ҚР Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс Департаментінің Басқарма бастығы Ернұр Уали, облыс прокурорының м.а. Дәурен Умаргалиев, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, университет ректоры Әліби Баяхов және студенттер қатысты.
Іс-шара шеңберінде студенттерге дәріс ұйымдастырылды. Онда болашақ заңгерлерге прокуратура органдарына қызметке орналасу талаптары мен Құқық қорғау органдары академиясына түсу тәртібі туралы толық ақпарат беріліп, тақырыптық бейнеролик көрсетілді.
Кадрлық жұмыс Департаментінің Басқарма бастығы Ернұр Уали да жастарға болашақта прокуратура жүйесінде қызмет ету үшін білімді, бастамашыл, ұстанымы берік, сабырлы және дұрыс шешім қабылдай алатын тұлға болуға талпыну қажеттігін ерекше атап өтті.
Бүгінде прокуратура органдарына кәсіби білікті мамандарды тарту мақсатында жоғары оқу орындарымен және студент жастармен өзара ынтымақтастықты дамыту ерекше мәнге ие.
Осы бағытта «Болашақ прокурор кеңістігі» атты жоба іске асырылуда.
Қазіргі таңда аталған жоба еліміздің бірқатар жетекші университеттерінде сәтті қолданысқа енгізілді.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты – прокурор қызметіне қызығушылық танытқан студенттердің қажетті мәліметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Арнайы ұйымдастырылған бұрышта прокуратура тарихы, белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінің өмір жолы мен қызметі, құқық ғылымындағы өзекті тақырыптар жөніндегі әдебиеттер, сонымен қатар қадағалау қызметіне қатысты дөңгелек үстелдер мен конференция материалдары ұсынылған.
Сонымен қатар еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан Батыс Қазақстан облысынан шыққан прокуратура органдары ардагерлерінің еңбектері де бар. Солардың ішінде тарихи тұлға Халық Қаһарманы Иван Степанович Гапичтің кәсіби жолы мен адал қызметі жас буын үшін үлкен өнеге болып табылады.
«Болашақ прокурор кеңістігі» ең алғаш рет Батыс Қазақстан облысында, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде ашылды. Алдағы уақытта бұл жоба өзге де жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.
Кездесу мазмұнды да пайдалы өтті, прокуратура өкілдері студенттердің сауалдарына жан-жақты жауап берді.