ҰБТ халықаралық тестке айналуы мүмкін

ҰБТ халықаралық тестке айналуы мүмкін. TOEFL секілді танымал сынақ әзірлейтін америкалық мамандар Ұлттық біріңғай тестілеу сұрақтарын дайындауға көмектеспек. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Educational Testing Service компаниясының басшысымен кездесті. Ортақ шешімдерге келді. Әлемнің 180 еліне 50 млннан астам тест әзірлейтін орталық мамандар келесі айда Қазақстанға келеді. Ғылым және жоғары білім министрі бұл бастама тестілеу сапасын арттыратынын айтады. 

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Сексен жылдық тарихы бар, ең ірі тест жасайтын және тестологияны зерттейтін ғылыми орталық – атақты ETS, яғни Educational Testing Service компаниясымен кездесу өтті. Қазіргі таңда біздің ұлттық бірыңғай тестілеудің сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру жұмысы осы ең ірі ғылыми орталықпен бірлесіп атқарылады.

Болашақ бағдарламасы аясында тарих, антропология, мәдениеттану, дінтану мамандықтарында білім алатын студенттер Смитсон институтының негізінде тағылымдамадан өтеді. Бұл зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде институт жанынан құрылған «Қазақстанның мәдени мұра» қоры ұлттық өнерімізді дәріптеумен, сондай-ақ қазақ халқының өткені мен бүгінін, салт-дәстүрі және рухани өмірін зерттеуге арналған бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастырумен айналысады. Қасым-Жомарт Тоқаев орталық басшыларына қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді түрде дәріптеп жүргені үшін алғыс айтты.   Бұдан бөлек, Президент Cameco корпорациясының, Goldman Sachs Global Institute компаниясының басшыларымен де жүздесті. Басқосулар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.