Қазақстанда сиыр етінің қымбаттауына жол бермеу мақсатында Үкімет бірқатар шектеулер енгізді, деп хабарлайды Astana TV.
Енді шикізат күйіндегі етті шетелге шығаруға тыйым салынып, өнімді тек өңдеуші кәсіпорындар ғана экспорттай алады. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін елдің барлық өңірінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп жатыр. Фермерлерге тегін сауда орындары ұсынылып, артық делдалдар айналымнан алынды.
Өткен сенбіде республика бойынша 47 жәрмеңке ұйымдастырылып, бір күнде қазақстандықтар 195 тоннадан астам сиыр етін сатып алды.
Сонымен қатар, бағаны негізсіз көтергендерге қатысты қатаң шаралар қолданылды:
- 2 мыңнан астам кәсіпкерге айыппұл салынды;
- 345 делдал нарықтан шығарылды.
Сауда орындарында күн сайын баға мониторингі жүргізіліп, тұтынушыларға қолжетімді бағаны қамтамасыз ету басты назарға алынды.