Қарағандыда нашақорлықпен күресте полицейлерге ерікті жастар, колледж студенттері мен аналар көмектеседі. Олар індеттің алдын алуға атсалысады. Қоғамдық мәселе Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің республикалық семинарында талқыланды. «Нашақорлық – тұрақтылыққа төнген қатер» тақырыбындағы жиын ассамблеяның ХХХІІІ сессиясында берілген Президент Қасым –Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында өтті.
Наркобизнес пен нашақорлық дертімен күрес бағытында ең мықты дәрігерлер мен полицейлер Қарағандыда дайындалады. Сондықтан семинардың кеншілер шаһарында өтуі тегін емес. Полиция департаментінде бірыңғай отбасына көмек көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда мамандарға ерікті жастар көмектеседі. Аймақтық жастар ресурстық орталығында наркомания және есірткі қылмыстарының алдын алатын фронт офис жұмыс істейді.
ОЛЬГА МЕЛЬНИКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПБ НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС- ҚИМЫЛ БӨЛІМІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
Біз оқушылармен кездесеміз. Оларды экскурцияларға апарамыз, квест, семинар, тренинг өткіземіз. Видеороликтер түсіреміз, арнайы парақшалар таратамыз. Балалар өз қатарластарын жақсы қабылдайды.
Қоғамдық дертпен күресуді Президент еліміздегі аналар кеңесіне де тапсырған болатын. Қазір отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Салауатты сана» жобасын жүзеге асырып жатыр. Ол отбасы институтын нығайтуды көздейді.
НАЗИПА ШАНАЙ, ҚХА АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Негізгі мақсат қоғамды жұмылдыру. Аналар кеңесінің және басқа да мемлекеттік емес ұйымдардың алдында тұрған мәселе ол- алдын ала құлақтандыру, сол ауруға шалдығатын адамдардың алдын алу, санын азайту.
Семинар қорытындысында облыс әкімі мемлекеттік оргындарға нашақорлықтың алдын алу жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлеуді тапсырды. Құжат бір ай мерзім ішінде дайындалуы тиіс.