Қостанайда көрнекті қайраткер Міржақып Дулатұлының ескерткіші бой көтерді

Қостанайда "Оян, қазақ!" деп халықты білімге шақырған бес арыстың бірі Міржақып Дулатұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Қаламын қару еткен қайраткер елдің еңсесін тіктеу жолына бар өмірін арнаған. Алаш ардақтысының 140 жылдығына арналған шарада зиялы қауым өкілдері рухына тағзым етіп, оның елдік пен еркіндік жолындағы ерлігін еске алды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Қаламгердің "Оян, қазақ" деген сөзі ұлттық ұранына айналды. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз - Қасым-Жомарт Тоқаев.