Өскеменде Қызылорда облысының өнер күндері өтті

Өскеменде Қызылорда облысының өнер күндері өтті.  Сыр елі, жыр елінен арнайы жеткен өнерпаздар әннен шашу шашып, күйді күмбірлетті. Сонымен қатар, тарихы шежіреге толы өлке өмірінің тілсіз куәсі - ерекше жәдігерлер қойылған көрме ұйымдастырылды.

"Сыр өңірі - түркі өркениетінің алтын бесігі" көрмесі келушілердің көңілінен шықты. Мұнда Қызылорда облыстық музейінің құнды жәдігерлері қойылған. Әсіресе Шірік-Рабаттағы ержүрек Сақ жауынгері, Сығанақ ханшайымы, Түгіскен көсемі, Жетіасар ақсүйек әйелінің кескіні-келбеті ерекше әсерге бөлейді. Қызылорда қаласы қазақ елінің астанасы болған кезін айғақтайтын фотосуреттер мен құжаттар да көрменің көрнекті жеріне қойылды.

САПАР КҮЗЕБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ 1:

Біздің облыстық тарихи-өлкетану музейінде 70 мыңнан астам тарихи құнды жәдігерлеріміз бар. Сонымен қатар айта кету керек, 2024 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің іргетасы қаланып, 2025 жылы маусым айының бірінде жаңа соңғы технологияларды пайдалана отырып, керемет экспозициясы жасалды. Адамдардың келіп жатқан санында шек жоқ. 

Сыр сүлейлерінің толғауына тамсанған Алтайдың төріндегі көрермендер күмбірлеген күйге құлақ құрышын қандырды, қылқобыздан Қорқыт сарыны төгілді. Тұмар ханымның сахнадағы ізбасарлары көрермен көңілінен шықты.

СЫМБАТ ТАСБЕРГЕНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ ӘНШІСІ:

Шығыс Қазақстан облысының табиғаты керемет екен. Келгелі бері сондай көзіміз тойып, көгалды көріп, қаншама табиғатты көріп риза болып жатырмыз. Біздің еліміз, Қазақстанымыздың жері көрікті ғой, көркейе берсін, достығымыз арта берсін!

Қызылордалық делегация облыстағы Алтай көтерме-бөлшек сауда орталығының жұмысымен танысты. Бұл үлкен кешенде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтап, сатуға барлық жағдай жасалған. Бұдан кейін тараптар ауыл шаруашылығын бірге дамытып, аймақаралық әріптестікті өркендету мәселелерін талқылады.