422 мыңнан астам адам тазалық акциясына қатысып КИнЭС рекордтар кітабына енді

Елімізде әлемдік World CleanUp Day аясында кең ауқымды экологиялық акция өтті. Бұл бастама халықты біріктіріп, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Республика бойынша 422 мыңнан астам адам сенбілікке қатысты.  Бұл көрсеткіштер ел тарихындағы ең ауқымды экологиялық шара ретінде КИнЭС рекордтар кітабына енді. Толығырақ өңірлердегі тілшілер айтады.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Тазалық – тіршіліктің тірегі, табиғатты қорғау – баршаның борышы. Республика бойынша арнайы ұйымдастырылған тазалық акциясына Алматы қаласының мемлекеттік қызметкерлерімен волонтерлер белсене ат салысты. Жалпы қала бойынша 2320 ерікті акцияға қатысып, болашақ үшін жауапкершілікке дайын екендерін көрсетті.

Акция барысында көшелер мен саябақтар, өзен жағалаулары тазартылды. Нәтижесінде  6 аудан бойынша 17 гектар жер қоқыстан арылып,  880 тоннадан астам қалдық жиналды. Сонымен бірге көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп,  ел аумағында 18 мыңнан астам ағаш пен бұта егілді.

БАҚЫТЖАН ТАСТҮЛЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДТАР КІТАБЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қанша адам сенбілікке қатысты. Қанша тонна қоқыс жиналды. Қаншалықты тазалыққа жеттік деген ондай мәліметтерді аса көп ешкім есептемейтін. Біз мынандай сертификат дайындап қойдық. Бұл жерде міні бос орны тұр. Қанша адам қатысқанын сертификатқа жазамыз.

Жастардың ұйымшылдығы, еріктілердің еңбегі, мемлекеттік қызметкерлердің белсенділігі шарада айқын көрінді. Қоршаған ортаны қорғау жолындағы қадамдар ел өзгерістердің бөлігіне айналды. Мұндай шаралар – табиғатқа деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің айғағы.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Тазалық – тіршіліктің тірегі, тәртіптің тіреуі. Алматыдағы сенбілікке қатысқан мыңдаған ерікті табиғатты қорғаудың бәрімізге ортақ міндет екенін көрсетті. Әрбір жиналған қоқыс, егілген  ағаш — болашаққа берілген аманат. Мөлдір, Ал Қызылордада акция қалай өтті?

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Жомарт, Қызылорда көптің ауызында еліміздегі ең таза қалалардың бірі ретінде айтылып жүр. Оған ерікті жастардың да қосып жатқан үлесі зор.

Жастар Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Отан қорғаушылар» аллеясын тазалады. Күздегі негізгі жұмыстар қоқыстарды, ағаш жапырақтарын жинауға бағытталуда. Өскелең ұрпақты тазалыққа ғана емес, еңбекке баулитын мұндай шаралар бізді шыңдайды дейді еріктілер.

ҚАСЫМ САБЫРЖАН, ЕРІКТІ:

Өз еркімізбен келіп, қаламызды таза ұстау мақсатында өз көмегімізді беріп жатырмыз. Барлық жастарға айтарым қаламызды таза ұстайық, ластамайық. Әркім өзінің ауласын тазаласа өте таза қала боламыз деген ойдамын.

ӘСЕЛ БАЛТАБАЙ, ЕРІКТІ:

«Таза Қазақстан» акциясының арқасында қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіміз артып келе жатыр. Жастарды еңбекқорлыққа шақырып, өз елін, жерін, қаламызды сүюіне, патриоттық сезімді арттыруына көмекші болып жатыр. 

Бүгінгі күнге дейін «Таза Қазақстан» акциясына 310 мың адам атсалысқан. Нәтижесінде 13 мың тоннадан аса қоқыс шығарылған. 240 мың дана ағаш көшеті отырғызылған.

ӘЛІБИ БАСАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Экологиялық акцияның басты мақсаты, қоғамды, қаланы таза ұстау және де тазалыққа шақыру тұрғындарды. Сонымен қатар, жастардың белсенділігін арттырып, әрі қарай Таза Қазақстан экологиялық жобасын қолдау болып табылады.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мемлекет басшысы өз Жолдауында экологиялық акцияның бел ортасынан табылып жүрген жастарға ерекше алғысын білдірген болатын. Бұл оларды одан әрі қанаттандырса керек. Жастардың белсенділігі ерекше. Ал, Петропавлдағы шара барысын әріптесім Абзал Құрманкин баяндайды.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Иа Мөлдір, халықаралық тазалық күнінен қызылжарлық белсенділер де шет қалмай, таңертеңнен бастап қоқыс жинауға шықты. Игі шараға  екі жүзге жуық адам атсалысты. Арасында мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен жастар орталығының мүшелері бар. 

ДАМИР АБДИН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгін біз қала шетіндегі орманды қоқыстан арылтуды көздеп отырмыз. Жалпы ауданы бірнеше гектарға жетеді. Одан кейін қаладағы саябақтарға көшеміз. Жалпы Петропавлда жыл басынан бастап осындай 300ге жуық акция ұйымдастырылды. Бұл тек тазалық акциялары ғана емес, біз спорттық іс шаралар мен марафондарды да жүргізіп отырамыз.

Экология департаменті өкілдерінің айтуынша, халықтың тазалыққа деген көзқарасы өзгерген.  Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қазір елдімекендер  тазарып қалды.  

ЖАСЛАН САДУЕВ, СҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Тазалық акциясында жұрт жоғары белсенділік танытады. Халықтың мәдениеті өсіп келеді. Қазір тұрғындардың көшеде қоқыс тастағанын көрмейсің. Бұл орайда құқық қорғау органдарының да ықпалы зор.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жыл басынан бері өңірде 1200-ге жуық тазалық акциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде 100 тоннадан астам қоқыс шығарылды.