Қазақстанда «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» Заң әзірленуде

Инклюзивті орта қалыптастыру білім беру саласындағы негізгі басымдықтардың бірі. Осы бағытта бүгінде елімізде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа Заң жобасы әзірленуде.

Бұл маңызды құжат Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасы мен ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен әзірленуде. Оның негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуы үшін медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге тең әрі үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету.

«Заңның қабылдануы кешенді көмекке мұқтаж балалар үшін келісілген, атаулы және тұрақты қолдау жүйесін құруға мүмкіндік береді. Құжат Қазақстанға 2024 жылы БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті берген ұсынымдарын іске асыру мақсатында әзірленді», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінова.

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мың бала бар. Бұл салада 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді: 110 ПМПК, 230 КППК, 99 арнайы мектеп, 45 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 13 оңалту орталығы және 11 аутизм орталығы.

Инклюзивті білім беруді кеңейту үшін әрбір білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері құрылды, 29 мыңнан астам маман көмек көрсетуде, мыңнан аса инклюзия кабинеті жұмыс істейді. Жалпы, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту деңгейі 85%-ды құрайды.