Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америкаға сапары - ел үшін үлкен саяси әрі экономикалық мүмкіндік. Нью-Йоркте Мемлекет басшысы АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, Қазақстанға инвестиция тарту, технологиялық жобаларды дамыту және саудадағы кедергілерді азайту жайын талқылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл келіссөздер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді.
АЙБАР ОЛЖАЕВ, ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Америка құрама штаттарымен бізге барынша экономикалық байланыстарды арттыру және олардан трансферт технология деп аталады, жаңа технологиялар тарту, тек қана ескі технологиямен жұмыс істемей жаңасымен жұмыс істеп көру, солардың стандарттарын алу біз үшін өте пайдалы.
Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты аясында Америкамен стратегиялық серіктестік өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа да ықпал етеді. Сарапшылардың пікірінше, уран мен стратегиялық минералдар өндірісі АҚШ тарапынан ерекше қызығушылық тудырып отыр.
ҚАСЫМХАН ҚАППАРОВ, EMCG КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ СЕРІКТЕСІ:
Бұл сапар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырады. Әлемдік энергетика мен стратегиялық минералдарға байланысты АҚШ-пен әріптестік ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге сеп болады. Сонымен қатар, бұл Қазақстанның өңірлік тұрақтылықтағы рөлін күшейтеді.