Айыппұлдан жалтарғандар анықталды

Шығыс Қазақстан облысында «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Акция барысында полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері және жеке сот орындаушылары бірлесіп рейдтер ұйымдастыруда. Негізгі мақсат – айыппұл төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтап, тиісті шара қолдану.

Полицияның түсіндіруінше, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 810-бабына сәйкес:

  • айыппұл хаттамасы толтырылған күннен бастап 7 тәулік ішінде соманың 50%-ын төлеуге мүмкіндік бар;
  • егер бұл мерзімде төлем жасалмаса, айыппұл толық көлемде 30 тәуліктен кешіктірмей төленуге тиіс;
  • мерзімінде төленбеген жағдайда іс мәжбүрлеп өндіруге жіберіледі.

ШҚО Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды тәртіпті сақтауға, заңды бұзбауға және айыппұлды уақытылы төлеуге шақырады.