90 аттың жартысы ғана жарыс жолын еңсерді. Ұлы Дала Жорығының 4-і күні аяқталды. Еліміздің түкпір-түкпірі мен жақын шетелден келген командалар 350 шақырымды артқа тастады.
Торғай даласындағы жарыс шешуші сәтіне жақындады. 2 күн бойы көшті бастап келген жетісулық шабандоздарды Ақтөбе облысының командасы басып озды. Соңғы сәтке дейін, қарсыластарымыздың әлеуетін байқап болып, енді қарқын қоса береміз, - дейді жас шабандоз Сайран Әми.
САЙРАН ӘМИ, ШАБАНДОЗ:
Ешқайсы ұтыламын деп келіпм тұрған жоқ. Барлығын мықты қарсылас деп санаймын. Бұйырғаны болады, әлі екі күн бар. Құдай біледі! Бәйге оңай екен бұдан. Жорық тек ауызбен айтуға оңай. Бәйге, өйткені тез бітеді. Жалпы, жорық жақсы екен.
Өкініштісі, кей аттар ары қарай жарысты жалғастыруға қауқары қалмай жатыр. Бүгінгі кезеңде Алматы қаласының шабандоздары мен Ресейдің Кабардин-Балқар құрамасы жорықты аяқтауға мәжбүр болды.
МЕЙІРБЕК ӘЛМЕК, ШАБАНДОЗ:
Сол қарқынға біз ілестік, біздің бір аттың ер-тоқымы дұрыс болмай, иығын басып қалды. Сонымен командамыз тоқтап қалды. Үш жүз шақырымнан кейін тоқтадық. Әйтпесе, қарқынға ілесуге болады. Атымыз шегіп келе жатыр, оны қинай бергеннен қайыр жоқ.
Жорық деңгейі жылдан жылға жоғарылауда, - дейді бас төреші Серік Әбжанов. Айтуынша, командалар қазылар мен мал дәрігерлерінің барлық бұйрықтарын орындап, шабандоз мәдениеті толыққанды қалыптасқан.
СЕРІК ӘБЖАНОВ, БАС ТӨРЕШІ:
Сүйсініп те, мақтанып та айтатын нәрсе. Жыл сайын Ұлы Дала Жорығына қатысушылардың мәдениеті өзінен-өзі өсіп келе жатқан сияқты. Өйткені, барлығы айтылған ережелерді бұзбауға тырысады. Бұрынғыдай білімсіздік көрсетпейді. Сондықтан, қазіргі күнде қатты ереже бұзушылық, ережеге байланысты түсінбеушілік, төрешілер тарапынан оларды жазалау мәселелері болған жоқ.
Жарыстың 5-і Амангелді ауылынан басталып, Арқалық қаласына 50 шақырым қалғанда тоқтайды.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Ат спортының жанкүйер, жанашырларының айтуынша, соңғы 150 шақырымда көп командалар жылдамдық қосып, шаба жөнеледі. Бірақ, оның да қаупі бар. Онсыз да шаршаған аттар, тіпті, болдыруы мүмкін.