ҚР ТЖМ авиация күштерімен «Алтын-Емел» МҰТП аумағындағы табиғи өрт сөндірілді

Жетісу облысы Панфилов ауданы Айдарлы ауылынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында болған табиғи өрт ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушыларының күшімен толықтай сөндірілді.

Бүгін таңертеңнен бастап ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы жұмылдырылып, жалпы көлемі 72 тонна болатын 24 рет су төгу жұмысы жүргізілді. Өрттің жалпы ауданы 45 гектарды құрады.

Тілсіз жауды ауыздықтауға Жетісу және Алматы облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлері, «Қазавиорманқорғау», Жаркент орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» әуе кемесі жұмылдырылды. Барлығы шамамен 120 адам жеке құрам және 30-дан астам техника қатысты.

Құтқарушылар мен ҚР ТЖМ авиациясының үйлесімді іс-әрекеті, сондай-ақ барлық құрылымдардың өзара тиімді әрекеттесуі өрттің таралуына жол бермей, оны қысқа мерзімде толықтай сөндіруге мүмкіндік берді.