"Қазақстан Қытайдың Жасанды интеллект саласы бойынша жаһандық ұйым құру жөніндегі ұсынысын қолдайды", - Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапары аясында бірнеше елдің басшыларымен кездесті. Ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған келіссөздер жүргізді. Қытайдың жаһандық бастамасы жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңеске де қатысты. Мемлекет басшысы аса маңызды әрі дер кезінде ұйымдастырылған жиын үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көреген басшылығы мен анағұрлым әділ, инклюзивті әрі тиімді халықаралық ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Осы орайда Қазақстан геосаяси және экономикалық сын-қатерлерге жауап беретін Қытайдың жаһандық бастамасын толығымен құптайды

Мемлекет басшысы Орнықты даму мақсаттарына тезірек жетуге ықпал ететін Жаһандық даму бастамасына еліміздің қолдау көрсететінін жеткізді. Бұл қадам егемендік теңдігін қамтамасыз ету, халықаралық құқық үстемдігі, көпжақты институттарды нығайту, сондай-ақ адамдардың игілігі мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлемдік тәртіпті ілгерілету секілді өзекті мәселелердің шешімін ұсынады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаһандық басқару бастамасы, ең алдымен, цифрлық технологияға, қауіпсіз киберкеңістікке және ғарыш кеңістігіне әділ қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл нормативтік-құқықтық база мен жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық стандарттарын әзірлеу тұрғысынан өте өзекті. Осы орайда Қазақстан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру жөніндегі ұсынысын қолдайды.