«Президент БҰҰ мінберінен Қазақстанның ұстанымын анық байқатты», - Е. Қарин

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында маңызды сөз айтып, жаһандық күн тәртібіне қатысты көзқарасын білдірді. Мемлекеттік кеңесші өзінің Тelegram парақшасына осылай жазған. Ерлан Қарин Президент қазіргі әлемдік дамудың терең үрдістерін айқындап көрсеткенін атап өтті. Маңыздысы, Қазақстанның халықаралық қатынастардағы мықты да жауапты субъект, энергетика мен технологияда алтын көпірге айналған ел ретіндегі ұстанымын анық байқатты дейді.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Президент биылғы Жолдауда атап көрсеткен БҰҰ реформасының ауқымды жоспарын ұсынды. Онда негізгі басымдық Қауіпсіздік Кеңесіне беріліп отыр. Атап айтқанда, Кеңесті Азия, Африка және Латын Америкасының ірі мемлекеттері есебінен ротациялық негізде кеңейту, сондай-ақ орта державалардың рөлін күшейту қамтылған. Сонымен қатар БҰҰ Жарғысын жаңарту, ядролық қарусыздануды қайта жандандыру, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін құру секілді өзекті тақырыптар көтерілді. Президенттің баяндамасынан жаңа жаһандық консенсусты, сенім мен ашықтыққа, жауапкершілік пен әділдікке, теңгерім мен ынтымақтастыққа, құқықтың берік сақталуы мен ортақ ынтымаққа негізделген жаңа әлемдік тәртіп архитектурасын қалыптастыру идеясы айқын көрінді.