Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң қабылданды

Қазақстанда Жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Бұл – еліміздің цифрландыруға қадам басқанын айқындайтын тарихи шешім. Мәжіліс төрағасының айтуынша, бұл Қазақстанды жаппай цифрландыруға бағытталған іргелі қадам. Құжат қауіпті технологияларды пайдалануға тыйым салып, жоғары тәуекелді жүйелерге қатаң бақылау енгізеді. Сонымен қатар ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылып, әрбір азаматтың құқығы мен жеке деректері қорғалатын болады.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекет басшысы таяудағы өзінің Жолдауында алдымызға 3 жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлы елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президентіміз бүгін әлемнің ең басты мінбері БҰҰ-ның төрінен де жариялады. Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес адамзат прогрессіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады деп атап өттім. Бұл жаһандық  үрдіс екенін біз көріп отырмыз. Бүгін қабылдап отырған жасанды интеллект  туралы заң осы бастаманы іске асыру жолындағы іргелі қадам. Ол еліміздің цифрлы дамуының жаңа деңгейге шығаруға жол ашатыны анық.